
Қарағанды облысында Кеншілер күніне арналған ауқымды мерекелік шаралар өтеді
Қарағанды қаласы
30 тамыз күні Тәуелсіздік алаңында еліміздің танымал орындаушылары – AYAU, Sadraddin, «Ирина Кайратовна» тобы және ресейлік әнші Zivert қатысатын үлкен концерт ұйымдастырылады. Бұл мерекелік шараға қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады.
Кешкі концертке қатысушыларға ыңғайлы болу үшін сағат 16:00-ден бастап Бұқар жырау даңғылының Нұркен Әбдіров пен Назарбаев даңғылдары аралығындағы бөлігі уақытша көлік қозғалысына жабылады.
Музыкалық бағдарлама 22:00-ге дейін жалғасады. Концерттен кейін тұрғындарды үйлеріне жеткізу үшін арнайы 80 автобус қарастырылған. Бұл автобустар Сұрыптау, Майқұдық, Михайловка, Федоровка, Пришахтинск, ЖБИ және Оңтүстік-Шығыс аудандарына қатынайды. Сұрыптау, Майқұдық, Федоровка және Оңтүстік-Шығыс бағытындағы автобустар ОӘД алдынан, ал Пришахтинск, Михайловка, ЖБИ бағытындағы автобустар мен Теміртау, Абай, Саран және Шахтинск қалаларына баратын қосымша автобустар Кеншілер мәдениет сарайының алдынан жүреді.
31 тамызда мереке жалғасын тауып, Орталық мәдениет және демалыс саябағында күн бойы түрлі шаралар өтеді.
12:00-де «Гранд» ансамблі саябақтың бас сахнасында өнер көрсетсе, одан кейін «Әнім саған, Қарағанды!» вокалдық байқауы басталады. Сағат 13:10-да «Еркеше қос жұлдыз» фестивалі ашылады. Кейінгі сағаттарда мәдениет үйлерінің ұжымдары мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік музыканттары сахнада өнер көрсетеді. 16:10-да Astana Musical театрының актрисасы Камила Оспан сахнаға шығады, ал кешкісін кеншілер мәдениет сарайының ұжымы өз концертін ұсынады. Кеш 19:00-де өтетін «Қарағандының жастық шағы» атты ретроконцертпен аяқталады.
Сонымен қатар, 31 тамызда бірнеше басқа локацияларда да концерттік бағдарламалар өтеді:
-
Қазақстанның 50 жылдығы саябағында сағат 17:00 мен 19:00 аралығында «Кеншілер – ел мақтанышы» концерті;
-
«Жастар» мәдениет сарайының алдында дәл осы уақытта «Кеншінің құрметі – кеншінің ерлігі» атты концерт;
-
Сұрыптау кентінде, теміржолшылар саябағында сағат 17:00-де «Тау-кеншілерінің еңбегі – елінің мерейі» атты мәдени шара басталады.
Серіктес қалалардағы шаралар:
-
Шахтинск қаласында – 31 тамыз күні сағат 15:00-де әкімдік алдындағы алаңда мерекелік концерт;
-
Саран қаласында – сол күні 18:00-де «Сұңқар» стадионында салтанатты бағдарлама;
-
Абай қаласында – 31 тамыз күні 18:00-де қалалық саябақ алаңында концерттік бағдарлама өтеді.
Аталған қалаларда өтетін мерекелік концерттерге қазақстандық эстрада жұлдыздары – Айқын Төлепберген, ALEМ және Мақпал Исабекова қатысады.


