
Қарағанды облысында HOWO маркалы жүк көліктерін шығаратын өндіріс іске қосылады
Саран қаласында Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтатын жаңа өндіріс орны салынуда. Бұл кәсіпорында танымал HOWO маркалы жүк және арнайы техника шығарылады. Қазіргі таңда зауыттың құрылысы басталып кеткен.

Аталған жоба – Қытайдың жетекші Sinotruk компаниясы мен қазақстандық Saran Machinery кәсіпорнының бірлескен бастамасы. Екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен қол қойылған. Жоба Үкіметтің қолдауымен іске асып, еліміздің коммерциялық техника өндірісін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев зауыт құрылып жатқан аумаққа барып, жоба басшыларымен кездесті. Ол бұл жобаның өңір экономикасына және жалпы ел өнеркәсібіне елеулі үлес қосатынын атап өтті.
— Бұл – Қытайлық компаниямен серіктестіктегі маңызды қадам. HOWO техникаларына сұраныс жоғары, сондықтан жергілікті билік ретінде біз жобаның сапалы әрі уақтылы жүзеге асуына барынша қолдау көрсетеміз, – деді өңір басшысы.
Зауыт жылына 10 мыңға дейін техника шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталады, олардың қатарында Қазақстанда алғаш рет енгізілетін металды катафорездік өңдеу желісі де бар. Бұл технология көлік шанақтарын коррозиядан тиімді қорғап, техниканың қызмет ету мерзімін ұзартады. Жоба аясында шамамен мың адам жұмыспен қамтылады.
Жобаның жетекшісі Станислав Лидің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Қазір толық өндірістік циклге қажетті жабдықтарға тапсырыс берілген. Өндіріс желісін іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. Ал 2026 жылы шамамен 2 мың дана техника шығарылып, өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылады.

Зауыттың құрал-жабдықтары 2025–2026 жылдары Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жеткізілмек. Алғашқы техника – шасси мен кабина құрастыру желісіне арналған құрылғылар – 2025 жылдың қазан айында жеткізіледі. 2026 жылдың екінші тоқсанында дәнекерлеу мен бояу цехтарына арналған кешенді жүйелер орнату көзделіп отыр.




