
Қарағанды облысында HOWO брендіне жататын жүк техникалары өндірілуде.
Қарағанды облысында машина жасау саласы белсенді түрде дамып келеді. Биылғы жылдың басынан бері өңірде 1400 автобус пен арнайы техника шығарылған.

Saran индустриялық аймағында HOWO маркалы ауыр жүк көліктерін шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталды. Бұл жоба шетелден техника әкелуге тәуелділікті азайтуға бағытталған. Зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 1000 адам жұмысқа орналасып, жылына 10 мың техника өндіріледі деп жоспарлануда.
— Біз тек дәстүрлі металлургиямен шектеліп қалмай, машина жасау, резеңке және пластмасса өнімдерін шығару секілді басқа да бағыттарды дамытып жатырмыз. Машина жасау саласындағы өсім шығарылған 1400 автобус пен арнайы техниканың есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 131 мың тұрмыстық техника мен 372 мың автокөлік шинасы өндірілді. Бұл көрсеткіштер аймақ экономикасын әртараптандыруда маңызды рөл атқарып отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімовтің айтуынша, машина жасау өнімдері экспортқа шығарылғанымен, басым бөлігі ел ішінде қолданылады.
— Негізгі міндет — еліміздің барлық өңірінде автобус паркін жаңарту. Сонымен бірге жүк көліктеріне деген ішкі сұраныс та жоғары, — деді ол.
Әлібек Әлденей Saran индустриялық аймағын табысты жоба ретінде атап өтті. Бұл аймақта жаңа өндіріс бағыттары дамып жатыр. Қазіргі таңда мұнда 472 млрд теңге инвестиция тартылған, нәтижесінде 12 жоба жүзеге асып, 4600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Аймақтың көлік логистикасы ыңғайлы, инфрақұрылымы дайын, сондай-ақ энергия ресурстарына тарифтер төмен.
Сонымен қатар, облыста «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Онда 24 қатысушы тіркеліп, 11 жоба іске қосылған, тағы 13 жоба жүзеге асу кезеңінде.
Бұдан бөлек, облыс аумағында шағын және орта бизнес субъектілері үшін жалпы көлемі 50 мың шаршы метр болатын үш шағын өнеркәсіптік аймақтың құрылысы жүргізіліп жатыр.


