Новости

Қарағанды облысында газдандыру жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Қарағанды облысында газдандыру – басты инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып қала беруде. Қазіргі уақытта Қарағанды мен Теміртауда 9589 үйге газ тартылып, соның 5417-сі көгілдір отынға қосылған.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың мәліметінше, Қарағандыда 6 мыңнан астам, Теміртауда шамамен 3,5 мың үйге газ желілері жеткізілген. Бүгінде 5 мыңнан астам абонент газбен қамтамасыз етілді.

Газға қосу жұмыстары ТКШ жаңғырту орталығы арқылы жүргізіліп жатыр. Қарағандыда газдандыру 16 іске қосу кешені аясында, төрт кезеңмен жүзеге асырылуда. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Қамзиннің айтуынша, қазіргі уақытта төртінші кешен бойынша жұмыстар жалғасуда. Фёдоровка мен Үлкен Михайловкада жыл соңына дейін жұмыстар аяқталады. Ал бесінші және алтыншы кешендерде түзету және сараптамалық жұмыстар жүріп жатыр.

Теміртауда газдандыру сегіз іске қосу кешенімен іске асуда. Қала тұрғындарының көпшілігі газға қосылған. Қазір «Отрадный», 9А, АБВ кварталдары мен нан зауыты маңында жұмыс жүргізілуде. Қала әкімі Ғалым Әшімовтың айтуынша, үш мыңнан астам абонент көгілдір отынды пайдаланып отыр, ал қалған жұмыстар қыркүйек айының басына дейін аяқталады.

Шахтинскіде газ тарту жұмыстары 2023 жылы басталған. Қазірдің өзінде 18 шақырымнан астам жоғары қысымды құбыр жүргізіліп, газ тарату станциясы салынды. 229 шақырымнан аса желі тартылып, 1434 үйді қосу көзделген. Биыл Солтүстік-Батыс кентінің газдандыруы аяқталып, қалаішілік желілер салынуда.

Газдандыру ауылдық елді мекендерге де жетпек. Ақсу-Аюлы, Еркіндік, Өспен, Сәкен Сейфуллин ауылдары мен Ақтау және Мұстафин кенттеріне газ жеткізу жобалары мақұлданған. Бұл жобалар 16 мыңнан астам адамды қамтиды.

Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

— Ең бастысы – тұрғын үйлерді газ жүйесіне қосу қарқынын арттыру қажет. Барлық жобалар қатаң бақылауда болуы тиіс, — деді аймақ басшысы.

Back to top button