
Қарағанды облысында Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке қабылдады
Қарағанды облысының әртүрлі аудандарынан келген азаматтар облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен жеке кездесуге қатысып, өздерін алаңдатқан маңызды мәселелерді көтерді.

Кездесу барысында талқыланған тақырыптар кең ауқымды қамтыды: жол сапасы, елді мекендерді абаттандыру, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік мәселелер.
Әсіресе, бала кезінен мүгедектігі бар, 18 жасқа толған азаматтарды кешенді қолдауға қатысты ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, тұрғындар Ащысу – Шешенқара бағытындағы жолдың нашарлығына шағымданды.
Қарқаралы ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жайылым жерлерінің тапшылығын мәселе ретінде көтерді. Олардың айтуынша, бұл жағдай мал басын көбейтуге және саланы дамытуға кедергі келтіріп отыр. Әкім бұл түйткілді жан-жақты зерттеуді және уәкілетті органдардың қатысуымен шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Көпқабатты үйлердің қасбеттері мен балкондарына жөндеу жүргізу қажеттігі де көтерілді. Осыған байланысты тұрғындар жергілікті билік пен өзін-өзі басқару органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
— Азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде өткізіп отырамын. Өңірлерге сапар барысында да тұрғындармен тікелей кездесуге мән беремін. Мұндай кездесулер нақты мәселелермен танысып, тұрғындардың пікірін тыңдау үшін өте маңызды. Кейде бір қарағанда болмашы көрінетін мәселе белгілі бір отбасы үшін аса маңызды болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – қолдан келгенше көмек көрсету, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу барысында кейбір мәселелер сол сәтте-ақ шешімін тапты. Ал қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, тиісті мекемелер тарапынан нақты жұмыстар жүргізілетін болды.




