НовостиСоциальные темы

Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындары ашылды

Биыл Қарағанды облысында көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған 13 арнайы жұмыс орны құрылды.

Соның бірі – қарағандылық Найман Жақсыгорин. Ол мүгедектер арбасымен қозғалады және «АСЕТ инклюзив» қоғамдық бірлестігінде ерекше балаларға арналған үстел ойындары бойынша нұсқаушы қызметіне орналасты. Жұмыс орны оған бейімделіп, қажетті жағдайлар – пандус, тұтқалар мен арнайы жиһаз – толық қамтамасыз етілді.

– Менің қолым мен ойлау қабілетім жұмыс істейді, сондықтан өз мүмкіндігіме сай қызмет іздедім. Еңбек ұтқырлығы орталығына жүгініп, «АСЕТ инклюзив» ұйымынан ұсыныс алдым. Әңгімелесуден кейін бұл жұмыс маған лайық деген шешімге келдік, – дейді Найман Жақсыгорин.

Тағы бір мысал – Алмас Мырзаханов. Есту қабілетіндегі қиындықтарға қарамастан, ол «АлтынПласт» компаниясында терезе монтаждаушы болып еңбек етуде.

Мемлекет осындай арнайы жұмыс орындарын құруға ниетті жұмыс берушілерге субсидия береді. Бұл қаражат пандус, арнайы құрылғылар сынды инфрақұрылымды бейімдеуге және қызметкердің еңбекақысын ішінара өтеуге бағытталған. Алғашқы жылы жалақының 70%-ы, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%-ы мемлекет тарапынан өтеледі (егер жалақы 30 АЕК-тен аспаса).

2023 жылы облыста 1318 мүгедек азамат жұмыспен қамтылып, олардың ішінде көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін 13 арнайы жұмыс орны құрылған болатын. Биыл бұл бастама жалғасын тауып, тағы да 13 орын ашылды, оның ішінде тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандарға арналған жұмыс орындары да бар.

Back to top button