
Қарағанды облысында елімізде құрастырылған 75 жаңа автобус жолға шығарылмақ
Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы саласы біртіндеп жаңартылып жатыр. №3 автопарк Саран қаласындағы QazTehna зауытында құрастырылған Yutong маркалы 75 жаңа автобусты сатып алып, оларды қалаішілік және қала маңындағы бағыттарда пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл жаңа автобустар өңірдегі қоғамдық көліктің сапасын жақсартып, тасымалдау көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа автобустардың ұзындығы 12 метр, яғни олар жолаушыларды көптеп тасымалдауға бейімделген.
Барлық автобустар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған: кондиционерлер, жылыту жүйесі, ұялы телефондарға арналған қуаттау құрылғылары және қоқыс жәшіктері орнатылған. Жолаушылардың жайлылығы үшін аялдама атаулары көрсетілетін электронды таблолар қарастырылған.
Салондарда бейнебақылау камералары орнатылып, жүргізуші кабинасы арнайы автоматтандырылған бақылау жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйе жүргізушінің жұмыс тәртібін бақылап, телефон қолдану, темекі шегу немесе жол ережесін бұзу сынды әрекеттерді тіркеп отырады.
Автобустарда мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуы үшін барлық жағдай жасалған: пандустар, арбаға арналған алаңдар және ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға арналған жиналмалы орындықтар қарастырылған.
– 2022 жылы біз Қытайда жасалған Yutong маркалы 50 автобус алдық. 2023 жылы Сарандағы QazTehna зауытында шығарылған 100 отандық автобус пайдалануға берілді. Ал биыл көктемде Шахтинск қаласына Ресейде өндірілген 10 автобус жеткізілді. Енді Қарағанды мен оған жақын қалаларда қызмет көрсететін тағы 75 жаңа автобусты Саран зауытынан толықтырып отырмыз, – деді №3 автопарктің директоры Артур Григорян.
Қазіргі таңда 55 жаңа автобус жолға шығаруға дайын: оларға ONAY төлем терминалдары орнатылып, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін QR-кодтар орналастырылуда. Жақын арада тағы 20 автобус жеткізілуі тиіс.



