
Қарағанды облысында дәрігер тапшылығын жоюға бағытталған қосымша шаралар қабылдануда
Қарағанды облысында қазіргі уақытта жалпы тәжірибелік және мамандандырылған дәрігерлерді қосқанда 137 маман жетіспейді. Бұл мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте негізгі тақырыпқа айналды.
Қарағанды медицина университетінің ректоры Бақыт Көшерова мәлімдегендей, оқу орнын тәмамдаған студенттердің тек 24%-ы ғана облыстың тумалары, яғни өңірде қалып, еңбек етуге ықтимал түлектердің саны аз.
Интернатура бойынша биыл 79 жалпы тәжірибелік дәрігер облысқа жолданған, оның ішінде тек 23-еуі жергілікті түлектер. Сонымен қатар, 54 стоматолог та жіберілді, бірақ олардың бір бөлігі резидентурада оқуды жалғастыруы мүмкін.
Өткен жылы өңірде 210 жас дәрігер жұмысқа орналасты, олардың 106-сы ауылдық жерлерге жіберілді. Биыл 219 маман келуі жоспарланып отыр: 79 интерн және 140 резидент. Резиденттер арасында акушер-гинекологтар, радиологтар, невропатологтар, анестезиолог-реаниматологтар, педиатрлар және басқа да мамандар бар. Дегенмен, олардың көбісі облыс орталығы мен моноқалаларды таңдаса, аудандық жерлерге азғана бөлігі барады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаевтың айтуынша, кадрларды тартуда маңызды құралдардың бірі – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы.
Бағдарлама аясында 100 АЕК көлемінде біржолғы төлем және 2500 АЕК көлемінде баспана сатып алуға қаражат қарастырылған. Тұрғын үй мәселесі – мамандарды тұрақтандырудың басты факторы. Мысалы, биыл Нұра ауданында медицина қызметкерлеріне арналған 14 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл ауданның кадр тапшылығын едәуір төмендетеді.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев өңірде өз медициналық университетінің болуы кадрлармен қамтамасыз етуде үлкен артықшылық екенін атап өтті.
Мақсат – мамандарды жұмысқа тарту ғана емес, олардың өңірде тұрақтап қалуын қамтамасыз ету. Ол үшін тиімді қолдау шараларын жасап, баспанамен қамту мен ипотекалық жеңілдіктерді ұсыну қажет. Әр аудан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлсе, облыс барлық қажетті көмекті көрсетеді. Тек бірлесіп әрекет еткенде ғана мәселені түбегейлі шешуге болады.
Қазір өңірде медициналық ұйымдарды кадрлармен қамтамасыз етуге арналған үш жылдық жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат Қарағанды медицина университетімен бірлесе жасалып, мамандарды тұрақтандыруға бағытталған нақты шараларды қамтиды. Сонымен қатар, мектептердегі медициналық сыныптарды дамыту арқылы ерте кәсіби бағдар беруге де ерекше назар аударылады.
