
Қарағанды облысында ауылдық жерлердегі дәрігерлерге жаңа қызметтік пәтерлер берілді
Қарағанды облысында ауылдық жерлерге келген жас мамандарды қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын көрінісі – Нұра ауданында дәрігерлерге арналған тұрғын үйдің пайдалануға берілуі. Жаңа ғимараттағы пәтерлер аудандық аурухана қызметкерлері мен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы келген жас мамандарға табысталды.
Екі қабатты үйде әртүрлі жоспардағы 14 пәтер бар: бір, екі және үш бөлмелі. Барлық пәтерлер сапалы жөнделіп, қажетті жиһазбен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Үй орталық жылыту жүйесіне қосылған, барлық коммуналдық жағдайлар қарастырылған.
Пәтер кілттерін тапсыру рәсімінде Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов дәрігерлер үйінің салынуы – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың және медициналық қызметкерлерге қолдау көрсетудің нақты көрінісі екенін атап өтті.
— Бұл тек жаңа нысан ғана емес, бұл – халық денсаулығын қорғауға өмірін арнаған мамандарға деген құрметтің белгісі. Мемлекет медицина қызметкерлеріне қамқорлық көрсетуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Мұндай жобалар – сол уәденің орындалғанының дәлелі, — деді аудан әкімі.
Жаңа пәтерлер бұрын жалдамалы баспанада тұрған дәрігерлерге және мемлекеттік бағдарлама бойынша келген жас мамандарға берілді.
— Тұрғын үй мәселесі – мамандарды тартудағы ең өзекті сұрақтардың бірі. Ауданда жалдамалы баспана аз болғандықтан, қызметтік пәтерлердің берілуі бізге үлкен көмек болды. Соның арқасында біз үш жаңа маманды – акушер-гинекологты, функционалдық диагностика дәрігерін және жалпы тәжірибе дәрігерін жұмысқа қабылдадық. Қазір реаниматологпен келіссөздер жүргізілуде, ал келесі жылы резидентураны тәмамдап жатқан офтальмолог маман оралады деп күтеміз, — деді аудандық аурухана директоры Орал Мәзитов. Оның айтуынша, ауданның дәрігерлерге деген негізгі сұранысы осылайша жабылып отыр. Қазір тек кардиолог пен дерматовенеролог қажет.
Ауылдық жерде жұмыс істеуге ниет білдірген мамандарды ынталандыру мақсатында тапшылығы бар мамандықтар бойынша көтерме жәрдемақы мөлшері 8,5 миллион теңгеге дейін арттырылды.
Қазіргі уақытта Нұра ауданында 21 мыңнан астам адам тұрады. Аудандық орталық аурухана 51 төсектік стационармен және тәулігіне 178 адам қабылдай алатын емханамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ елді мекендерде медициналық қызмет көрсетуді жақсарту бағытында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық бекеттер ашылып жатыр.




