
Қарағанды облысында алдағы қысқы кезеңге дайындық жұмыстары бақылауға алынды
Балқаш, Приозёрск және Саран қалаларында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр – қазандықтар, жылу желілері мен инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеу аяқталуға жақын. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа тиісті мәліметтер ұсынылды.
Балқаштағы жылу электр орталығының негізгі қондырғылары – №6, №7 және №8 қазан агрегаттары мен №2, №6 және №7 турбиналары күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 24 шақырымға созылған жылу магистралінің 68 пайызы жаңартылды. Саяқ кентінде жаңа қазандықтың құрылысы жүріп жатыр, ал үш шағын қазандық резервтік режимге ауыстырылады. Қалада қыркүйек айында қазандықтарға отын жеткізу басталады.
Балқаш қаласы әкімінің міндетін атқарушы Руслан Сыздықовтың айтуынша, су құбырларын жаңғыртудың екінші және үшінші кезеңдері іске асырылуда, жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Сонымен қатар, 2 шақырымдық күрделі учаскелерде жөндеу жүріп жатыр, кәріз жүйелері жаңартылуда, 7 шақырым электр желісі қалпына келтіріліп, сегіз трансформатор ауыстырылған. Қыркүйектің 5-іне дейін барлық көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға дайындығы туралы актілер берілуі тиіс. Кейіннен желілерді сығымдау және шаю жұмыстары қолға алынады.
Приозёрск қаласында негізгі назар №1 қазандыққа аударылып, жабдықтарға кешенді жөндеу жүргізілген, түтін мұржалары мен басқа да элементтер тексеруден өткен. Қалада жылу және су желілерінің белгілі бір бөлігі ауыстырылды. Қала әкімінің орынбасары Темірхан Айдархановтың мәлімдеуінше, 80 көпқабатты үйдің 56-сы дайындық актілерін алған.
Саран мен Ақтас қалаларында да әзірлік жұмыстары өткен жылғы кемшіліктер ескеріле отырып атқарылуда. Мұндағы орталық қазандықта барлық ысырма арматура мен датчиктер тексеріліп, жаңа сорғылар орнатылған. Жылу жүйесінің сызбасы бастапқы жобаға сәйкес қайта жаңғыртылып, жергілікті қазандықтарда 10 қазан ауыстырылды. Отын жеткізу 20 тамызда басталады. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің жылу желілеріне қосылуы қамтамасыз етілуде.
Горняк шағын ауданына ерекше назар аударылды. Бұрын бұл жерде 43 үй пешпен жылытылатын болса, қазір олардың 40-ында жертөледегі жылу құбырлары толығымен дайын. Үйлерге магистральдық жылу желілері тартылып, 18 тамыздан бастап сығымдау жұмыстары басталады. Бұл туралы Саран қаласы әкімінің орынбасары Дастан Әрнешев хабарлады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала басшыларына қыс ортасында ақаулармен күреспеу үшін барлық жабдықтарды алдын ала мұқият тексеріп, жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.
– Қазандықтарды уақтылы әзірлеп, отынмен қамтамасыз етуді қатаң бақылауда ұстаңыздар. Барлық мәселелерді жылыту маусымы басталғанға дейін шешіп үлгеру қажет, – деді аймақ басшысы.

