Новости

Қарағанды облысында қосымша білім беруді қаржыландырудың жаңа форматы: әр балаға – бір ваучер

Ваучерлер мемлекеттік Oqu цифрлық платформасы арқылы беріледі. Бұл жүйеде 12 әлеуметтік санатқа басымдық берілген. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ерекше назар аударылады.

Ваучер рәсімдеуге арналған арнайы хабарлама үлгісі дайындалған. Бірыңғай жүйе ваучерлер санының бөлінуін, балалардың қатысуын және қаражаттың тиімді игерілуін бақылауға мүмкіндік береді.

Қызмет көрсететін ұйымдар міндетті түрде аккредитациядан өтіп, санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестігін дәлелдеуі, сондай-ақ педагогтарының біліктілігін көрсетуі қажет. Төлем тек нақты қатысқан сабақтар үшін жүзеге асырылады.

Ата-аналар Oqu платформасына тіркеліп, жеке деректерді өңдеуге келісімді 1414 нөмірінен келетін SMS арқылы растауы қажет. Осыдан кейін ваучер рәсімделіп, аккредиттелген ұйымдар тізімінен қажетті үйірме немесе секция таңдалады. Барлық процесс цифрлық форматта өтеді, қағаз құжаттар тапсыру талап етілмейді.

Маңызды шарт – бұрын қосымша білім алмаған бала облыс немесе қала аумағында тұрақты не уақытша тіркеуде болуы тиіс.

Қосымша ақпарат, нұсқаулықтар мен бейнематериалдар облыс әкімдігінің және тиісті басқармалардың ресми сайттарында жарияланады.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында 25 мыңнан астам бала спорттық, шығармашылық және білім беру бағыттарында тегін қосымша білім алып жүр. Алайда 46 мыңға жуық бала үйірмелер мен секцияларға қатыса алмай отыр, себебі кейбір балалар бірнеше ваучерді қатар пайдаланып келген.

Статьи по теме

Back to top button