
Қарағанды облысында қосымша білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді
Қарағанды облысында қосымша білім беру саласына ерекше назар аударылып отыр. Басым бағыттар ретінде STEM-жобаларды енгізу, шахмат пен футболды дамыту, экологиялық тәрбие мен оқушылардың кәсіби бағдарын жетілдіру алға қойылған.
Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты. Оның айтуынша, «STEM-білім беруді енгізу» жобасы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың соңына дейін жалғасады. Жоба аясында өңірде 26 жаңа STEM үйірмесі ашылып, 43 үйірме жаңғыртылады. Сонымен қатар, оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мұғалімдер арнайы даярлықтан өтеді. Бұл бастамамен 7 мыңнан астам оқушы қамтылмақ.
Сонымен бірге «Білімдегі шахмат» жобасы да қарқынды дамып келеді. Алғашқыда небары бес мектепте басталған жоба бүгінде 69 білім беру мекемесінде жүзеге асырылып жатыр.
Экологиялық тәрбие бағытында Қарағанды қаласындағы №12 және №33 мектептер мен Абай атындағы гимназияда «Жасыл мектеп» жобасы қолға алынған. Жоба мақсаты — оқушылардың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйрету. Алдағы уақытта бұл эко-сыныптарды қаланың басқа да білім ошақтарында ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ, аймақта жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жүйесі қарқынды дамуда. Қазіргі таңда облыс мектептерінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша — медицина, педагогика, экология, агроөнеркәсіп, IT және құқық салаларына бағытталған 200-ден астам бейіндік сынып жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың қыркүйегінде тағы 126 жаңа бейіндік сынып ашылды. Олардың қатарында құрылыс, тігін, дәнекерлеу, металлургия, медиа және басқа да бағыттар бар.
Оқушылар мен ата-аналарға мамандық таңдауда көмек көрсету үшін «ProfiWay» атты жаңа электрондық платформа іске қосылады. Бұл жүйе арқылы олар облыста сұранысқа ие мамандықтар мен оқу орындары туралы толық әрі өзекті ақпарат ала алады.




