Новости

Қарағанды облысында ғылым мен кәсіпкерлікті біріктіретін инновациялық хаб ашылады

Қарағанды облысында Қазақстандағы алғашқы өңірлік инновациялық-индустриялық хаб – «Картех» іске қосылуға дайындалуда. Бұл жаңа орталық ғылым мен өндірісті ұштастырып, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу және қолданбалы ғылымды дамыту мақсатында мемлекет, бизнес және ғылыми қауымдастықты біріктіреді.

Жобаның басты мақсаты – ғылыми идеяларды қысқа мерзімде кәсіпорындарға арналған дайын технологиялық шешімдерге айналдыратын тиімді жүйе қалыптастыру. «Картех» Қарағанды қаласындағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірінде орналасатын болады. Қазіргі уақытта орталыққа мамандарды конкурс арқылы іріктеу жүріп жатыр, ал оның негізінде заманауи материалдық-техникалық база мен кәсіби кадрлар шоғырландырылуда.

– Біз ғылыми зерттеулер жүргізуге және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге толық мүмкіндік жасаймыз. Заманауи зертханалар, инженерлік-конструкторлық қызметтер, прототиптер жасауға арналған техникалық жабдықтар ұсынылады. Сонымен қатар зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, инвестиция тарту, стартаптарды қолдау, сондай-ақ мемлекеттік және халықаралық гранттарға өтінім беруге көмектесу негізгі бағыттар қатарында, – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов.

Айта кетейік, бұл жобаны іске асыру туралы тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 12 сәуірде өткен Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында берген болатын. Осыған байланысты өңірде арнайы ғылыми кеңес құрылып, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және бизнес пен зерттеу ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайту бағытында жұмыс жүргізілуде.

«Картех» хабы – ғылым, мемлекет, бизнес және қоғамды біріктіретін кешенді орталық болмақ. Мұнда қазіргі заманғы зертханалар мен өндірістік кеңістіктер, соның ішінде 3D-принтерлермен жабдықталған аймақтар қарастырылған. Жобалар мен стартаптарды әзірлеуге қолайлы жағдай жасалып, бизнес-модельдер мен даму стратегияларын құру бойынша кеңес беріледі. Сонымен қатар оқыту курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылатын болады. Орталықта шағын көлемді тәжірибелік өнімдер шығарылады және оларды таныстыру үшін арнайы шоу-рум жұмыс істейді. Бұған қоса, технологиялық стартаптар үшін инкубатор мен инвестиция тартуға арналған акселератор да іске қосылады.

Хаб аясында тау-кен және металлургия саласы, көмір химиясы, жаңа материалдар, Индустрия 4.0, автоматтандыру, экология және қалдықтарды басқару бағыттарында кластерлер құру жоспарланып отыр.

Алғашқы кезеңде жобаны қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асады. Уақыт өте келе хаб өзін-өзі қаржыландыратын жүйеге көшіп, өнеркәсіптік кәсіпорындармен серіктестік арқылы табыс табатын болады.

Бұл бастама Румынияның Клуж-Напока қаласындағы техникалық университет жанындағы осындай табысты орталықтың тәжірибесіне сүйеніп жасалған. Аталған орталық бірнеше жылдан бері тиімді жұмыс істеп келеді.

Back to top button