
Қазақстанда ЮНЕСКО қамқорлығымен материалдық емес мәдени мұраны сақтау бағытындағы пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаға бес аймақ енгізілсе, соның бірі – Қарағанды облысы. Ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттауға бағытталған бұл бастама – мәдени мұраны қорғау жолындағы маңызды қадам.
Материалдық емес мәдени мұраны сақтау жолдары Қарағандыда өткен өңірлік семинар-кеңесте талқыланды. Жиынға қолөнер шеберлері, этнографтар, тарихшылар, өлкетанушылар, кітапхана қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Рустам Мұзафаровтың айтуынша, Қарағанды облысы бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Өңірде мұраның 17 жаңа элементі тіркеліп отыр. Бұл этномәдени бірегейлікті нығайту жолындағы маңызды жетістік.
– Президентіміз атап өткендей, мәдени мұра – тәуелсіздігіміздің басты тіректерінің бірі. Оны сақтау – болашақ ұрпаққа аманаттау арқылы жүзеге асады, – деді Рустам Мұзафаров.
Оның айтуынша, материалдық емес мұра тек ән-күймен шектелмейді. Оған сонымен қатар қолөнер, фольклор, салт-дәстүр, рәсімдер мен мерекелер секілді халықтың рухани өмірін бейнелейтін көптеген құндылықтар кіреді.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісовтің мәлімдеуінше, мұра элементтерін сипаттап, тіркеу жұмыстары жалғасын табады. Осы мақсатта «тірі мұра» бағытында зерттеу жүргізетін ғылыми-шығармашылық топ құрылуда.
Семинарда қазақ музыкалық өнерінің көрнекті символы саналатын «Ортеке» күйі де сөз болды. Бұл ерекше өнер ЮНЕСКО-ның пилоттық жобасына Қарағанды атынан ұсынылған. Тамыры тереңде жатқан бұл дәстүрлі жанр қазір де зерттеушілер мен өнерпаздарды қызықтырып келеді.
Облыста көне өнер түрлерін жаңғырту жұмыстары белсенді түрде қолға алынған. Этнографтар мен шеберлердің еңбегімен ұмыт қалған дәстүрлер қайта жанданып, түрлі үйірмелер ашылып, фестивальдер мен көрмелер өткізіліп жатыр. Сондай-ақ бейнематериалдар мен ғылыми жинақтар шығарылуда. Өткен жылы «Өлкетану» атты алғашқы оқу құралы жарық көрген.
Шығармашылық ұйым жетекшісі Перизат Құлымбетова халыққа үндеу жасап, егер үйлеріңізде көнеден қалған кілем, сандық, басқа да бұйымдар болса, оларды зерттеуге мүмкіндік беруді сұрады. Бұл жәдігерлерді ғылыми тізімге енгізу – ұлттық мұраны сақтауға қосылған үлкен үлес болмақ, деді ол.
Кеңес аясында Қарағанды өңірінің шеберлері жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды.
Пилоттық жоба екі жылға жоспарланған және 2026 жылға дейін жалғасады. Жоба аяқталған соң, бес өңірдің жинақталған тәжірибесі республика көлемінде қолданылмақ.




