Новости

Қарағанды облысы аудандарында жылыту маусымына әзірлік белсенді жүргізілуде

Қарағанды облысында келесі жылыту маусымына дайындық белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен өткен жиында әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету және инфрақұрылым объектілерінің дайындығы жан-жақты қаралды. Кеңеске Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Нұра аудандарының әкімдері, сондай-ақ салалық басқармалар мен коммуналдық мекемелердің жетекшілері қатысты.

Бұқар жырау ауданының ақпаратына сәйкес, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлердің 60%-ы дайын. 1 қыркүйекке дейін білім, медицина және мәдениет мекемелерін толық көмірмен қамту көзделіп отыр. Қазіргі кезде аудандағы қазандықтар мен жылу желілерінде жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасуда.

– Қазір Кушоқы кентіндегі №4 орталық қазандық пен көмір тасымалдау және күл шығару конвейерлерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге кварталдық жылу желілері жаңартылып жатыр, – деді аудан әкімі Ерлан Құсайын. – Жеті модульдік қазандықта құрал-жабдықтар жаңартылып, қуаты арттырылуда. Бұған қоса, төрт жаңа блок-модульді қазандықты білім беру мекемелері үшін орнату жоспарда бар.

Қарқаралы ауданында жылу магистралінің 90 пайызы жаңартылып, №1 қазандыққа қосымша 1,2 МВт қуаттағы қазан агрегаты орнатылған. Барлық қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар су мен кәріз жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Бүркітті ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, жылу жүйесі де толық жаңартылған.

Аудан тұрғындары мен әлеуметтік мекемелерге қажетті көмір қоры жинақталуда.

Шет ауданында да дайындық шаралары жалғасуда. 28 КТП, трансформаторлар, электр сымдары, ажыратқыштар және өзге де қажетті жабдықтар сатып алынған.

– Энергетика басқармасының деректеріне сәйкес, аудан аумағындағы жылу және сумен жабдықтау нысандарының дайындығы 60 пайыздан жоғары. Электр желілері мен қосалқы стансалардың дайындығы 70 пайыз деңгейінде. Әлеуметтік-мәдени мекемелердің ішінде спорт нысандары толық дайын, қалғандарының дайындығы шамамен 70 пайызды құрайды, – деді аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.

Нұра ауданында да дайындық жұмыстары қарқынды. Әлеуметтік нысандар үшін қажетті көмірдің басым бөлігі жеткізілген. Шұбаркөл кентіндегі орталық қазандық 100 пайыз дайын. Кертінді мен Мыңбаев ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жаңа блок-модульді қазандықтар орнатылған. Білім беру мекемелерінде жылу жүйелерін жөндеу жалғасып жатыр. Су құбырларын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын, ал кәріз жүйелерін жаңғырту жүргізілуде.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге барлық дайындық шараларын белгіленген мерзімге — 15 қыркүйекке дейін — толық аяқтауды тапсырды.

– Барлық нысандар уақытылы, яғни 15 қыркүйекке дейін толық техникалық дайын болуға тиіс. Әр кезең бойынша жұмыс барысы үнемі бақылауда болуы керек. Әсіресе, кестеден қалып жатқан учаскелерге ерекше назар аударылсын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар, аудан әкімдеріне жөндеу қарқынын бәсеңдетпеу және белгіленген кестенің сақталуын мұқият қадағалау тапсырылды.

Статьи по теме

Back to top button