
Қарағанды облысы өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударып отыр
Қарағанды облысында қазіргі таңда 941 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде шамамен 800-і өңдеу өнеркәсібіне жатады. Өңір бұл саладағы өндіріс көлемі бойынша ел бойынша алдыңғы орындардың бірінде тұр. 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 3 триллион теңгеден астам өнім өндіріп, бұл көрсеткіш жалпы өңірлік өнімнің үштен бірінен аса үлесін құрады. Алдағы уақытта облыс орта және жоғары технологиялық өңдеу өнеркәсібін, соған байланысты қызмет көрсету секторларын дамыту арқылы инвестиция мен кәсіпкерлікке тартымды, жоғары транзиттік әлеуеті бар экономикалық орталыққа айналуды көздеп отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты айтылды.
— Қарағанды облысы экономикасының тұрақты өсуі – Президент Жолдауларында белгіленген міндеттердің нақты әрі уақтылы орындалуының нәтижесі. Жыл сайын барлық бағыттарда оң динамика байқалуда. Оның ішінде негізгі қозғаушы күш — өнеркәсіп, әсіресе өңдеу секторы. Өңірде еліміздегі кокстелетін көмірдің барлығы, энергетикалық көмірдің үштен бірі, түсті және бағалы металдардың айтарлықтай бөлігі, сондай-ақ жалпақ прокаттың 100%-ы өндіріледі. Бұл Қарағанды облысын еліміздің өнеркәсіптік тірегіне айналдырып отыр. Соның нәтижесінде өңір республика бойынша жалпы ішкі өнім көлемі жөнінен төртінші орынға шықты, — деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Сондай-ақ ол өңірлік экономиканың жетістіктері мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Өңдеу секторын қолдауға бағытталған мемлекеттік тетіктер — инженерлік инфрақұрылым тарту, жеңілдетілген несиелеу және өзге де ынталандыру шаралары — кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің маңызды құралдарына айналған.
— Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Ал 2025 жылы инвестиция көлемі осы межеден асып, оның жартысы өнеркәсіп саласына бағытталады. Басты мақсатымыз — тұрақты өндірістік өсімді сақтау, сапалы инвестициялар тарту және кәсіпорындар үшін білікті кадрлар даярлау, — деді Әлібек Әлденей.
2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша өңірде 2,7 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға артық.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, қазіргі таңда облыста жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 120 инвестициялық жобадан тұратын база құрылған. Бұл жобалар аясында 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 2025 жылы 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр, оның ішінде 15-і — өнеркәсіп пен өңдеу саласына тиесілі.
Өңірде жаңа ыстық мырыштау зауыты іске қосылып, Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару жолға қойылды. Жыл соңына дейін болаттан тігісті құбырлар, алюминий радиаторлары және кремнийлі қорытпалар өндірісі іске қосылады. Сонымен қатар қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы аяқталады.
Облыс инвесторлармен тікелей жұмыс істеуге ашық. Бұл мақсатта Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Ал инвестициялық штаб өңір басшысының төрағалығымен өткізіліп, өзекті мәселелерді шұғыл қарап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
