Новости

Қарағанды әуежайында заманауи авиаотын құю кешені салынады

Қарағандыдағы «Сарыарқа» халықаралық әуежайында жаңа авиаотын құю кешенінің құрылысы басталды. Бұл нысан Қытайдың Үрімші қаласы мен Қарағанды арасындағы әуе байланысын күшейтіп, өңірдің транзиттік мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Жоба іске қосылған күні Қарағандыға алғаш рет Үрімшіден S909 әуе кемесі келіп қонды. Ұшақпен бірге Қытайдан ресми делегация да келді.

Іргетас қалау салтанатында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа нысанның стратегиялық маңызын атап өтті.

— Президент әуежайды дамыту бойынша нақты міндет жүктеді. Біз оны халықаралық деңгейдегі мультимодальды хабқа айналдыруға бағытталған кешенді жұмыстарды қолға алдық. Қазіргі таңда әуежай жылына 50 мың тонна жүк қабылдай алады, ал төрт жылдан соң бұл көлем 200 мың тоннаға дейін өседі. Каспий маңындағы порттардың дамуына байланысты Қарағанды Еуропа мен Қытай арасындағы басты логистикалық орталықтардың біріне айналмақ, — деді өңір басшысы.

Жобаны Silkway Aviation Airport Development (Silu Hangkong) бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. Оның құрамына қытайлық компаниялармен бірге қазақстандық ASG тобы (Тимур Турлов, Ерлан Оспанов, Руслан Ғаббасов) енген.

Құрылыс үш кезең бойынша жүргізіледі: алдымен технологиялық жабдықтар орнатылады, кейін сыйымдылығы 2000 текше метр болатын резервуар мен әкімшілік-техникалық ғимарат тұрғызылады. Ал 2027 жылға қарай қойма қуаты 4000 текше метрге дейін ұлғайтылады. Жоба PetroChina компаниясымен әріптестік аясында Еуропалық сапа және қауіпсіздік талаптарына сай жүзеге асады.

Қытай делегациясы сапары барысында Jet A-1 авиаотынын жеткізу, екі қала арасындағы тұрақты әуе қатынасын дамыту және жүк тасымалын үйлестіру бойынша бірқатар келісімге қол қойылды.

— Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетика мен авиация саласындағы әріптестіктің жаңа кезеңі басталып отыр. Біз Қарағанды әуежайын жоғары сапалы Jet A-1 авиаотынымен үздіксіз қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл — еліміздің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесіміз, — деді PetroChina International (Kazakhstan) Ltd бас директоры Гэн Цзянь.

Silkway Aviation Airport Development компаниясы тек отынмен қамтамасыз етумен шектелмей, Қытайдан Еуропаға дейінгі мультимодальды жүк тасымалдарын ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.

— Бұл бастама «Бір белдеу, бір жол» жобасының маңызды бөлігіне айналады. Ол Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, транзиттік әлеуетін арттырады, — деп қорытындылады JET FUEL SERVICE компаниясының негізін қалаушы Ерлан Оспанов.

Статьи по теме

Back to top button