Новости

Қарағанды қаласында тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын құрылғылар тегін орнатылып жатыр

Қарағанды облысында еліміздің өзге өңірлеріндегідей өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп жатыр. Бұл кезеңде төтенше жағдайлар қызметі мамандары әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұратын үйлерге ерекше назар аударып, профилактикалық шаралар жүргізуде. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлерге көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер тегін орнатылуда. Акция 22 қарашаға дейін жалғасады.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қарағанды қаласындағы Рабочий кентінде алдын алу рейдін өткізді. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, пештер мен түтін мұржаларын уақытылы тазалау, жылыту жабдықтарын дұрыс пайдалану жөнінде кеңес берілді. Сонымен қатар 30 жеке тұрғын үйге улы газдан қорғайтын құрылғылар орнатылды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Шараның басты мақсаты – тұрғын үйлердегі өрт қаупін төмендету, төтенше жағдайлардың алдын алу және адам шығынын болдырмау.

Департамент мәліметінше, жылыту маусымы басталғаннан бері өңірде 130-дан астам рейд ұйымдастырылып, 15 800-ге жуық үй қамтылған. Нәтижесінде 3 200-ден астам көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатылған.

Жеке тұрғын үйлерде өрттің алдын алу үшін мамандар мына қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:

  • тек жарамды пештер мен электр жабдықтарын пайдалану;

  • пешті шамадан тыс қыздырмау және электр желісін артық жүктемеу;

  • түтін мұржаларын дер кезінде тазалау;

  • пеш пен электр құрылғыларын үнемі тексеріп отыру;

  • пеш жағуды балаларға тапсырмау;

  • от жағу кезінде тез тұтанғыш сұйықтықтарды қолданбау.

Back to top button