
Қарқаралылық спортшы тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Монғолияда өткен тірек-қимыл жүйесі және көру қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы тоғызқұмалақ бойынша әлем чемпионатында Қарқаралы қаласының тұрғыны Дастан Үмітқалиев қола жүлдені жеңіп алды. Бұл байрақты бәсекеде 10 елден келген 80 спортшы бақ сынады.

— Жалпы 21 партия ойнадым. Ең күрделі кездесу – Павлодардың өкілімен болған партия болды. Ол — Қазақстан чемпионы. Сол ойында жеңіліп, нәтижесінде қарсыласым бірінші, мен үшінші орынға ие болдым. Алайда, отандасыңнан жеңілу аса өкінерлік жағдай емес. Ең бастысы — жеңіс Қазақстанға келді, — дейді Дастан Үмітқалиев.
Ол тоғызқұмалаққа бала күнінен әуестенген. Алғаш бұл ойынды туысы әрі бапкері Берік Бейсенаев үйреткен.
— 3-сыныпта оқып жүргенімде Берік ағам үйірмеге шақырды. Аптасына үш рет жаттығатынбыз. Ойын бірден қызықтырып әкетті. 2012 жылдан бастап 2020 жылға дейін денсаулығыма байланысты үзіліс жасадым, кейін қайта оралып, білгенімді жетілдіріп, жаңа әдістерді меңгердім. Тіпті, Қазақстан чемпионатында күміс жүлде де алдым, — дейді ол.
Чемпионатта қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Айталық, Батыс Қазақстан облысының командасы 12 медаль жеңіп алды, оның төртеуі — алтын.


