
Қарқаралы ұлттық паркінің тұрақты дамуына арналған дөңгелек үстел Қарағандыда өтті
Қарағандыда Қарқаралы ұлттық табиғи паркін тұрақты түрде дамыту мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Шара барысында қатысушылар өңірдің экожүйесін сақтай отырып, туризм мен жергілікті экономиканы қатар дамыту жолдарын қарастырды. Іс-шараны Қарқаралы ұлттық паркі мен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдігі бірлесе ұйымдастырды.
Ұлттық парк директоры Руслан Төлепбаевтың айтуынша, Қарқаралы паркі 112 мың гектардан аса аумақты алып жатыр. Мұнда өсімдіктердің 700-ден астам түрі өседі, олардың бірқатары Қызыл кітапқа енген. Сондай-ақ, жүздеген жануарлар мен құстар мекендейді.
– Қарқаралы ұлттық паркі – еліміздің табиғи байлығы ғана емес, мәдени құндылықтарының да маңызды бөлігі. Табиғатты қорғау жұмыстары мемлекет, бизнес пен қоғамның өзара ынтымақтастығы арқылы ғана тиімді жүзеге асады, – деді Руслан Төлепбаев.
Биыл ұлттық парктің инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Төрт модульді орман өртін сөндіру станциясының құрылысына қаржы бөлініп, сегіз жаңа өрт сөндіру техникасы сатып алынды. Сонымен қатар, орман қорын қалпына келтіру жалғасуда – көктемгі маусымда 200 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды.
БҰҰДБ сарапшылары ұлттық парктерде баламалы энергия көздерін – күн панельдерін орнату мен тамшылатып суару жүйесін енгізу арқылы табиғи ресурстарды үнемдеуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жобалармен бөлісті.
– Жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық технологияларды кеңінен енгізу арқылы біз табиғатқа түсетін жүктемені азайтып, жергілікті қауымдастықтар үшін жаңа мүмкіндіктер тудыра аламыз, – деді БҰҰДБ сарапшысы Айман Омарбекова.
Сондай-ақ, Kazakh National Parks компаниясының мамандары визит-орталықтар мен экотропаларды дамытудағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында Қарқаралы ұлттық паркі, бірқатар өндірістік компаниялар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар бірлесіп экотуризм мен табиғатты қорғау саласында жаңа жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Бұл бастаманы «Qarmet» АҚ, Atlant Building, «Табиғат» қауымдастығы және өзге де серіктестер қолдады.




