
Қарқаралы ауданының мақтанышына айналған «Қарынши» қожалығы күн сайын 200 литрге дейін табиғи қымыз өндіріп, ауыл шаруашылығына негізделген табысты кәсіп ретінде танылып отыр. Жуырда Астанада ұйымдастырылған BaiQymyz республикалық фестивалінде қожалық жүлделі екінші орын алып, ұлттық өнім өндірушілер арасында үздіктер қатарынан көрінді.

Бұл ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам өндіруші қатысып, 30 тоннадан астам қымыз ұсынды. Қонақтар әр аймақтың өзіндік дәмі бар қымызын татып көруге мүмкіндік алды.
Қарқаралыдан келген «Қарынши» қожалығы 900 литр қымызбен қатар, 200 келі қазы-қарта, жал-жая, 40 келі қой етін, құрт пен ірімшікті ала келді. Бұл өнімдердің барлығы келген қонақтарға тегін таратылып, шаруашылықтың ұлттық дәстүрге деген құрметі мен жомарттығын паш етті.
— Бұл жеңіс – бүкіл ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз тек өнім ғана емес, Қарқаралының табиғи келбеті мен халқымыздың салт-дәстүрін бірге ала келдік. Мұндай шаралар ауыл еңбеккерлерінің маңызын көрсетіп, ұмыт бола бастаған құндылықтарды қайта жандандыруға себеп болады, – деді қожалық басшысы Қайырбек Қыдыралин.
Фестиваль жеңімпаздарына 45 миллион теңге көлемінде жүлде қоры бөлініп, оның 15 миллионы «Қарынши» қожалығына бұйырды. Бұл қаражат өндірісті кеңейту мен жаңа технологияларды енгізуге бағытталады.
1997 жылы 10 шақты жылқы, 150 қой және бірнеше сиырмен басталған бұл шаруашылық бүгінде 25 мың гектар жерге иелік етеді, оның 23 568 гектары жайылымға арналған. Сонымен қатар, 200 гектарға бидай, 100 гектарға көпжылдық шөп егілген.
Қожалықтың негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда 1500 бас жылқы, 500 ірі қара мен 5000-ға жуық қой бар. Күн сайын 150–200 литр табиғи қымыз өндіріледі. Дайын өнім Қарағанды қаласы мен аймақтық сауда орындарында сатылады.
Жақында шаруашылық орналасқан ауылға 15 шақырымдық электр желісі тартылып, бордақылау алаңы мен заманауи мал сою пункті іске қосылды. Бұл өндіріс көлемін 50 пайызға арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Алдағы жоспарлар да ауқымды: ет өнімдерін ұзақ сақтауға арналған мұздатқыш камералар орнату, өңдеу желісін кеңейту және қымыз өндірісін бірнеше есеге арттыру көзделіп отыр.
Қарқаралы өңірі тек табиғи байлығымен емес, ұлттық өнім өндірудегі табысты жобаларымен де ерекшеленеді. «Қарынши» сияқты шаруашылықтар ел экономикасына үлес қосып қана қоймай, рухани мұрамызды сақтауға да зор үлес қосуда. Бұл – жерге деген махаббат пен адал еңбектің айқын көрінісі.


