
Қарқаралы қаласының «Аңыз» хореографиялық ансамблі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Щучинск қаласында өткен халықаралық Burabay Fiesta өнер фестивалінде Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Би сайысына 12-15 жас аралығындағы жас бишілерден құралған 20 ұжым қатысты.

Шолпан Жандарбекова атындағы Қарқаралы қалалық мәдениет және демалыс орталығының «Аңыз» ансамблі байқауда орта және аға топ құрамымен өнер көрсетті. Орта топ қазақ биі «Тарту» қойылымын сахналап, қазылар тарапынан жоғары бағаланып, бас жүлдеге ие болды. Аға топ болса, «Хорезм» және «Боздала» билерін орындап, бірінші орынды иеленді.
— Бұл жетістік біз үшін аса маңызды. Себебі байқау қазылар алқасы кәсіби және талапшыл болды. Барлық номинациялар ішінде тек бір Гран-при берілді, және ол бізге бұйырды. Балалар қаншалықты дайын болса да, мұндай нәтиже олар үшін үлкен тосынсый болды, — деп бөлісті ансамбль жетекшісі Ләйлә Іргебаева.
Оның айтуынша, бұл жеңіс жас өнерпаздарға үлкен шабыт пен сенім сыйлап, оларды жаңа жетістіктерге ұмтылуға жігерлендірді. Сонымен қатар, Ләйлә Іргебаева байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және қатысушыларға көрсетілген ықыласты қабылдауға ерекше ризашылығын білдірді.




