
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчқа билеттердің сатылымы шамамен 20 қыркүйекте басталады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.
— Қолда бар мәліметке сүйенсек, билеттер матчтан он күн бұрын сатылымға шығады. Егер ойын 30 қыркүйекке жоспарланса, онда билеттерді шамамен 20 қыркүйектен бастап сатып алуға болады, — деді Жарасбаев.
Вице-министр билеттердің нақты бағасы әзірге белгісіз екенін айтты. Оның сөзінше, баға саясатын «Қайрат» клубы сұраныс деңгейіне қарай анықтайды. Билеттер клубтың ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында қолжетімді болады.
Айта кетейік, көптен күткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы 30 қыркүйекте Алматыда өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 26 тамыз күні алматылық «Қайрат» өз алаңында Шотландияның «Селтик» клубын қабылдаған болатын. Плей-офф кезеңіндегі қос кездесу де 0:0 есебімен аяқталып, жеңімпазды пенальти сериясы анықтады. Нәтижесінде қазақстандық команда 3:2 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды.




