
«Қақтығыс тоқтады»: Трамп Газадағы соғыстың ресми түрде аяқталғанын хабарлады
АҚШ президенті Дональд Трамп Израильге жасаған сапары барысында Газа секторындағы қақтығыстың аяқталғанын жариялады.
Басылымның дерегінше, бұл мәлімдемені Трамп Израильдің Кнессет парламентінде сөйлеген кезінде жасаған. Журналистердің «Газадағы соғыс ресми түрде аяқталды ма?» деген сауалына АҚШ президенті қысқа да нұсқа «Иә» деп жауап берді.
«Бұл – ерекше күн. (…) Бұл – жаңа кезеңнің бастауы, бұрын-соңды болмаған жағдай деп есептеймін. Көшелерден ерекше сүйіспеншілікті байқадым. Бүгін – маңызды күн», – деді ол.
Сонымен қатар тілшілер Трамптан егер террористік топтар бітімді бұзса, ХАМАС-қа қандай шара қолданылатынын сұрады. Президент бұған «Олар ережелерді сақтайды» деп қысқа жауап қайырды.
Кепілге алынғандар жайлы да пікір білдірген Трамп, олардың ерлік пен батылдық танытқанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Дональд Трамп Израильдің Тель-Авив қаласына келді. Оны елдің жоғары лауазымды тұлғалары салтанатты түрде қарсы алды. АҚШ президенті Таяу Шығыстағы атысты тоқтатуға бағытталған бірқатар шараларға қатысады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Газа секторының солтүстігінде ХАМАС ұстап отырған израильдік тұтқындар босатыла бастады. Бүгін олардың ішінен 20 адамның еркіндікке шығуы күтілуде.
