КультураНовостиСпорт

Құрылыс ауылында ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестиваль өтті

Бұқар жырау ауданының Құрылыс ауылында IV дәстүрлі облыстық ұлттық спорт түрлері фестивалі ұйымдастырылды. Бұл ауқымды шараға Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 500-ге жуық спортшы жиналып, ұлттық мәдениетті дәріптейтін мерекеге ұласты.

– Құрылыс ауылы — қазақ халқының дәстүрі мен тұрмыс-салтын берік ұстанатын аймақ. Осындай маңызды шараның дәл осы жерде өтуі — біз үшін үлкен жауапкершілік әрі құрмет. Мұндай бастамалар ұлттық құндылықтарды нығайтып, мәдениет пен спорттың өркендеуіне серпін береді, – деді фестивальдің ашылу салтанатында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

Фестивальге 18 жастан асқан спортшылар қатысты. Олар облыстың әр өңірінен жиналған құрамалар сапында өнер көрсетті.

Жарыстар ұлттық спорттың 10 түрінен өтті: көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, дәстүрлі садақ ату, аламан бәйге (25 шақырым), асық ату, бес асық және теңге ілу. Сайыстардың әділ және кәсіби өтуін 50 төреші бақылап отырды.

Командалық есеп нәтижесі бойынша бірінші орынды Қарқаралы ауданының командасы жеңіп алды. Бұқар жырау ауданы екінші орынға, ал үшінші орын Ақтоғай ауданына бұйырды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табысталды.

Фестивальдің басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бойында ұлттық рух пен дәстүрге деген құрметті қалыптастыру және қыркүйек айында Алматы облысында өтетін VIII Республикалық «Ақбидай» ауыл спорты ойындарына іріктеу өткізу. Осы жарыстың жеңімпаздары Қарағанды облысының намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

Статьи по теме

Back to top button