Ұялы телефоныңызды тіркеуді ұмытпаңыз

Бәрімізге белгілі болғандай, қазақстандықтар үшін осы жылдың соңына дейін атқарылуы тиіс маңызды істердің бірі – ұялы телефондарды тіркеуден өткізу болды.

Келер жылдан бастап тіркелмеген телефонды тұтына алмайтынымыз да шындық. Бұл талап заңмен бекітіліп, қазіргі күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мұрындық болуымен тіркеудің егжей-тегжейлі тәртібі мен механизмін әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жақын арада тіркеу де басталатынын ұмытпайық.

Құрылғыны тіркеу үшін не істеу керек?

Сонымен, жылдың аяғына дейін еліміздегі барлық тұрғындар ұялы телефондарын тіркеуден өткізетіні белгілі болды. Ал оны тіркеу үшін қандай алғышарттарды орындау керек? Ендеше, осы мәселеге тоқталайық.

Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу 2004 жылдың 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабы, 1 тармағының 8-8 тармақшасына («Байланыс туралы») сәйкес пайда болды. Ережелерге сай, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген немесе жасалған абоненттік құралдар міндетті түрде тіркеуден өтулері керек. Жеке тұлғалар үшін тіркеу тегін түрде 4 сағаттың ішінде жүргізіледі, ал заңды тұлғаларды өтініш білдірген мерзімнен 8 сағат ішінде тіркейді. Бұл жөнінде хабарламада «Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелет жасқа толмағандардың абоненттік құралдарын заңды өкілдерінің келісімімен ғана тіркейді, ал он төрт жасқа толмаған жасөспірімдердің заңды өкілдері өз аттарынан ғана тіркей алады» делінген.

Тіркеу немесе қайта тіркеу үшін байланыс құралының иесі қызметтің автоматтық жүйесіне жүгіне алады немесе байланыс операторының кеңсесіне төмендегідей құжаттармен бара алады:

1) ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін);
2) Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды;
3) Тіркелуші абоненттік құрылғыда қолданылатын абоненттік нөмірлер.

Ұялы телефон қолданушылары 2018 жылдың соңына дейін құрылғыларын тіркеуі керек, себебі 2019 жылдың 1 қаңтарынан тіркелмеген абоненттер үшін ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді. IMEI-коды бірың¬ғай базада тіркелмеген ұялы телефондар жылдың аяғында бұғатталады. Яғни, Лаңкестікпен күрес туралы заңға сай әрбір байланыс құрылғысының жеке коды арнайы базаға тіркелуі тиіс. Бастысы, бұл шара халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып жасалмақ.

Ұялы телефондарды тіркеу үшін ұялы байланыс операторларының абоненттік бөлімдеріне барудың еш қажеті жоқ. Бар болғаны, қалта телефоныңызды онлайн режимде немесе SMS (ұялы байланыс операторларының интернет-ресурсы және SMS,USSD, т.б.) арқылы тіркей аласыз.

Ол үшін қолданыстағы телефонның IMEI кодын және жеке куәлік нөмірін білсеңіз болғаны. Тіркеу онлайн немесе байланыс операторының кеңсесінде жүргізілмек. Ал егер ұялы телефонның нөмірі тіркелмеген немесе басқаның атында болса, өзіңізге ауыстыру керек. Әйтпесе, IMEI-код басқаның атына жазылып немесе байланыс құрылғыңыз бұғатталып қалуы мүмкін. Мұндай база ұрланған, болмаса контрафактілі жолмен келген ұялы телефондарды анықтауға, лаңкестіктің алдын алып, қылмыскерлерді табуға таптырмас көмек дейді мамандар. Өйткені қазір смартфонның IMEI коды болғанымен, оның кімге тиесілі екенін анықтау қиынға соғады. Егер базаға тіркеліп тұрса, иесін бірден табуға болады. Ал тіркелмеген телефондар жаппай бұғатталады.

Автор: Корреспондент

Читайте также

Домбыраға қатысты тіркелген рекордтар мен қызық деректер

Домбыра қай қазақтың болмасын жүрегіне жақын аспап. Себебі ол ата-бабадан қалған мұра, ғасырлар бойы қалыптасқан …